Құжаттар айғақтайды
Мемлекеттік архивтер қызметінің маңызды бағыттарының бірі – ұйымдарда қалыптасатын ғылыми-техникалық, басқарушылық, ғылыми-зерттеу, жобалау, конструкторлық, технологиялық құжаттама түрлерімен қатар жеке тектік қорларды қалыптастыру болып табылады. Жеке адамның немесе отбасының өмірі мен қызметі барысында пайда болған құжаттар біраз уақыттан кейін құнды тарихи дереккөздер болып табылады. Өйткені тарихты адамдар жасайды, ал тұлғаларсыз қоғамның тарихи дамуының шынайы және өміршең жолын жаңғырту мүмкін емес.
Жеке тектік қорлардың құжаттық дереккөздері тарихтың барысы, ең маңызды процестер мен оқиғалар туралы дұрыс түсінік құруға мүмкіндік береді. Бұл, шын мәнінде қызықты адамдар туралы, олардың ғылым, экономика, мәдениет, өнерді дамытуға қосқан жеке үлесі туралы ақпарат болып табылады. Құжат неғұрлым ескі болса, соғұрлым құндылығы жоғары болады. Мысалы, соғыс уақытындағы құжаттардың тақырыбын алатын болсақ, сол кезеңдегі адамдардың соғыс жағдайында қалай өмір сүргені және жұмыс істегені туралы, туыстары – әкелерінен, ұлдарынан, аталарынан майданнан хабар алғанда олар қандай сезімде болды екен деген ойлар әрқашан мазалайтын еді.
Уақыт өте келе мұндай құжаттар теңдесі жоқ, бірегей тарихи дереккөзге айналады. Жеке тектік құжаттар, сөзсіз, жас ұрпаққа өткеннің мұрасын жеткізетін құжаттық қорды байытуға қызмет етеді.
Бүгін біз назарларыңызға Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, Қазақстандағы рентген-флюорографиялық қызметін ұйымдастырушылардың бірі Элеонора Эмильевна Рубилинаның «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ мемлекеттік сақтауда тұрған жеке құжаттарын ұсынамыз. Рубилина Элеонора Эмильевна 1914 жылы 28 қыркүйекте Әзірбайжанның Ханлар қаласында дүниеге келген. 1932 жылы неміс онжылдық мектебін және медбике курсын бітірген. Оқуды бітіргеннен кейін емханада медбике болып жұмыс істеген.
1933 жылы Саратов мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, 1938 жылы үздік бітіргеннен соң комсомолдың шақыруымен Қазақстанға, Қордай ауданы, Георгиевка селосына облыстық ауруханаға терапевт болып жұмысқа барды. 1939 жылы Текелі қаласына жұмысқа ауыстырылды.
Біздің қолымызда Е.Рубилина мен Латвия және Қазақ КСР әскери комиссариаттарының ол кезде КСРО республикалары саналатын Латвия мен Балтық жағалауы елдерін азат ету үшін шайқастарға қатысқан күйеуі Александр Ермолаевич Ивановтың жерленген орнын нақтылау туралы өте әсерлі хаттары бар. Ол 1944 жылы қарашада марқұмның қайтыс болғанын 1945 жылдың ақпан айында ғана білген. Оның барлық хаттары оған жеткізу мүмкін еместігі туралы жазбамен орала берген ... Бұл құжаттарды толқусыз оқу мүмкін емес ...
Солардың ішінде Алматы облысы Талдықорған аудандық әскери комиссариатының 1945 жылғы 3 наурызда берген Александр Ермолаевич Ивановтың қайтыс болғаны туралы анықтаманы көруге болады, онда «В боях за Социалистическую родину, верный воинской присяге, проявив геройство и мужество, был убит 3 ноября 1944 года и похоронен на гражданском кладбище в лесу в 500 метрах восточнее д.Калныки Вайводенского р-на Латвийской ССР» делінген.
Сондай-ақ Латвия КСР Лиепая Біріккен қалалық әскери комиссариатының 1975 жылғы 19 маусымдағы хаты бар, онда Рубилинаның күйеуінің мәйіті соғыстан кейін Вайводенск ауданы, Калныки ауылынан басқа өлгендердің сүйегімен бірге Вайнод әскери зиратына жеткізілген. Онда Латвия КСР Лиепая облысы Вайнод ауылында жерленген барлық жауынгерлерге ортақ ескерткіш бар. Сонымен қатар Элеонора Эмильевнаның Латыш КСР партиясының Вайводенск облыстық комитетінің хатшысына күйеуінің жерленген жері туралы хабар және басқа да құжаттарды алу туралы хаты бар.
Әрине, бұл ескі хаттар сол күндердің естелігі, ұрпақтар арасындағы көзге көрінбейтін тылсым байланыс іспеттес. Ақпараттың бастапқы көздері ретінде олар Ұлы Отан соғысы оқиғаларының өзіндік көркем шежіресі болып табылады.
