Ел мәдениеті тілден басталады деген қанатты сөз тілдің ұлттық мәдениеттің негізі, ұйтқысы екендігін білдіреді. Себебі, қазақ ұлты елдігінің негізі – ұлттық құндылықтар мен мәдениетіне, ал олардың негізі – ана тіліне тікелей байланысты екені анық. Тіл – ұлт болымысының бір көрінісі, ұлттық ой-сананың өлшемі. Сондықтан да ұлттық тілдің қыр-сырын танып білу, оны зерттеп-зерделеу терең ізденіс пен қажырлы еңбекті қажет етеді.
Мақала тіл үшін өмір сүріп, осы жолда жанын сала қызмет еткен ардақтыларымыздың бірі, белгілі зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңырұлы Қоңыровқа арналады.
Кілт сөздер: Тұрағұл Қоңыров, тіл білімі ғылымы, зерттеулер, филология ғылымдарының докторы, жеке тектік қор, архивтік құжаттар.

«Ғалым еңбектерінің өміршеңдігі сонда, олардың қайта-кайта оқылып, көптеген еңбектерге арқау болғандығында және бүгінгімен жалғасып жатуында. Тұрағұл Қоңыровтың еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдар мен қортындылар кейінгі қаншама ғалымдардың өз көзқарастарын негіздеуіне дәлел және біршама жаңа зерттеулерге ойтүрткі болды. Сонымен қатар ғалымның зерттеу тақырыптарын ұсынып, ғалым шәкірттер тәрбиелеуі де оның ұстанған ғылыми бағытының кеңеюіне ықпал етті, ғалым ретіндегі келбетін биіктете түсті». Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаевтың белгілі зерттеуші ғалым Тұрағұл Қоңыров туралы «Ғалым-ұстаз туралы» деген естелігінде ғалымға деген жоғары бағасы деуге болады.
Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде көрнекті тіл білімі маманы, белгілі зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңырұлы Қоңыровтың жеке текті қоры ашылған. Онда Т. Қоңыровтың өмірбаяны жайлы құжаттары мен материалдары, ғылыми, ағартушылық, педагогикалық, қоғамдық қызметіне қатысты құжаттары, мақалалары, «Қазақ теңеулері» атты монографиясы, Т.Қоңыров туралы белгілі ғалымдардың естеліктері, хаттары мен фотосуреттері және өзге де бірегей құжаттары сақталуда. Мысалы, Тұрағұл Қоңыровтың өмірбаяндық құжаттары, атап айтсақ Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргендігі туралы № 069424 дипломы (үздік белгімен) (Түпнұсқа) [1], филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын беру туралы дипломы, Т.Қоңыровтың филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға кандидаттық диссертациясын және авторефератын талқылау туралы Абай атындағы ҚазПИ-дің қазақ тілі кафедрасы мәжілісінің хаттамасы [2], Т.Қоңыровқа доцент ғылыми атағын бекіту туралы куәлігі, филология ғылымдарының докторы ғылыми атағын беру туралы дипломы [3].
Тұрағұл Қоңырұлы Қоңыров 1935 жылы 20 мамырында Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, (бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы), Қарғалы ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Ғұмыры қысқа болып 1995 жылы 60 жасқа толған шағында дүниеден озды.
Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін білімге құштарлығы мен тіл біліміне қызығушылығы Тұрағұл Қоңырұлын ғылым жолына әкеледі. 1963 жылы ҚазПИ-дің қазақ тілі кафедрасына аспирант болып қабылданып, «С.Сейфуллин поэзиясындағы сөз бейнелеу тәсілдері» деген тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін ойдағыдай қорғап шықты. Кейін докторлық диссертацияны үлкен абыроймен қорғап, 1989 жылы филология ғылымдарының докторы [4], ал 1990 жылы профессор атағына ие болды.

Тұрағұл Қоңырұлы Алматы шет тілдері институты аталған, бүгінгі Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өмірінің соңына дейін еңбек етті. Отыз жылдан аса уақыт ғалым тіл білімі тарихында тың концепциясын қалыптастырып, оны жүзеге асырумен қатар, мыңдаған шәкірттің көңіліне нұр, жүрегіне білім нәрін құйып өтті. Білікті шәкірттер тәрбиелеп, олардың ғылыми зерттеулермен айналысуына көмектесті.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, жеткен биіктері әркімнің өмірінде әрқилы. Әрбір жеңіс пен жетістіктің тасасында өмір бойы жалғасқан өлшеусіз еңбек тұрады. Т.Қоңыровтың тіл білімін зерттеудегі үлкен еңбегі ғылыми қауымдастықта биік бағаланып, тіл білімі ғылымында өз орындары бар әйгілі ғалымдар естеліктерін қалдырған.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Серік Сейітұлы Қасқабасов өз естелігінде келесідей ойымен бөліскен екен: «...Біз ұзақ жылдар жолдас-дос болып, көп қызығымызды, әдемі жастық кезді бірге өткіздік, небір жәйттерді бастан кешірдік. Алғашқы танысқан сәтім әлі есімде. Екеуміз де ҚазПИ-дің тарих-филология факультетінде оқимыз, бір жатақханада жатамыз. Ол бізден үш курс жоғары оқыды. Ұмытпасам, 1962 ж. ғой деймін. Мен үшінші курста оқимын. Бір күні жатақхананың екінші қабатында келе жатсам, сол жақ қапталдағы бөлмеден баянның даусы естілді. Бөлмеге бұрылып, есігін ашсам, Тұрағұл баянды құлаштап тартып отыр екен. Музыкаға әуестігім ұстады да, мен оның қарсысындағы төсектің шетіне отыра кеттім. Тұрағұл маған қарады да, баянына еңкейіп ойынын жалғастыра берді. Ойнап болды, маған мән бере қарады да, «Атың кім?» – деп сұрады. Мен аты-жөнімді айттым, ол өзін таныстырды. Осы таныстығымыз бірте-бірте достыққа ұласты...
Тұрағұл кездескен сайын менің не істеп жүргенімді, хал-жағдайымды сұрап, өзінің ой-пікір, ұсыныстарын айтып жүрді. Өз кезегімде мен де оның диссертациясы туралы сұраймын, ол әңгімелеп береді, әңгімесі қызық болушы еді, өйткені оның тақырыбы Сәкен Сейфуллиннің тілі жайында еді. Ол тек Сәкен ғана емес, жалпы Сәкен тұстас ақын-жазушылар жөнінде де ой-пікірлерін ерінбей ортаға салатын және көп ақындарды жатқа айтатын. Менің байқағаным – Тұрағұл тіл біліміне қанша жүйрік болса, әдебиетке де сонша терең екендігі. Ара-арасында өзінің ғылыми жетекшісі профессор Ахмеди Ысқақовтың, тағы басқа лингвистердің еңбектерін атап, кейбіреуіне жеке тоқтап, талдап кететін. Мен бірін түсінсем, бірін түсінбеймін, бірақ үндемей, тыңдаймын, соның арқасында қазақ тіл білімінің кейбір мәселелері бойынша біршама мағлұмат алғанымды кейін байқадым...

Кандидаттық диссертациясын уақытында қорғап, Тұрағұл 1966 ж. Шет тілдер институтының қазақ тілі және жалпы тіл білімі кафедрасына оқытушы болып тағайындалды. Ол кезде мен академияның аспирантурасында оқитынмын. Бұл жылдары да жиі кездесіп жүрдік. Біздің өте жақын, отбасымызбен араласуымыз 1970 жылдарда басталды...
Тұрағұл 60 жасқа жеткен шағында жарық дүниемен қоштасты. Бәріміз жылап қоштастық, қимадық, қиналдық... ». Бұдан замандастарының қандайц қимастықпен еске алған Тұрағұл ағамыздың адал, қайырымды дос, ерінбей еңбек еткен ғалым екенін байқауға болады.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының академигі, филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбайұлы Айтбаев «Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым Т. К. Қоңыровтың 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел материалдарында» «Т. Қоңыров ұстаздық пен ғалымдықты тең ұстаған, оны адамдық пен азаматтық қасиетпен бекіте түскен ер көңілді, тұрақты, әділетті жан еді. Мұны өзімен қоян-қолтық араласқан дос-жарандары да, туған-туыстары да, тіпті оның дәрістерін жалықпай тыңдайтын студенттері де байқайтын. Бұл қабілет оған бала күннен дарыған қасиет болса керек» деп еске алады.

Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қалиев Байынқол Қалиұлы Қоңыровтың еңбектері, оның ішінде «Қазақ теңеулері» монографиясына ерекше баға берген: «Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңырұлы бүгін арамызда болғанда 80 жасқа толған тойын тойлап жатқан болар едік. Амал не, қайырымсыз ажал оны осыдан 20 жыл бұрын, 60 жастан жаңа асқан шағында арамыздан алып кетті. Бірақ оның артында өшпейтін мол мұрасы қалды. Біз мақаламыздың атын бекерден-бекер «Қазақ теңеулерінің атасы» деп атап отырған жоқпыз. Тұрағұлдың еңбектерінің басым көпшілігі – қазақ теңеулеріне арналған. Оның үстіне Тұрағұл – шын мәнінде қазақ теңеулерін алғаш зерттеуші, оны түптеп, түгендеп, түбегейлі және өндіре зерттеген ғалым.
Тұрағұл еңбектерінің ішіндегі шоқтығы биік тұрғаны – «Қазақ теңеулері» деп аталатын қазақша жазылған монографиясы. Кітап 1978 ж. «Ғылым» баспасында басылған. Көлемі – 10,5 баспа табақ (192 бет), таралымы – 2 мың дана. Еңбек, өзінің тақырыбы айтып тұрғандай, қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерінің бірі – тұрақты теңеулерді зерттеуге арналған».
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Әлметова Әсипат Сауытбекқызы әлем бейнесін бейнелейтін білім жүйесі, әсіресе ақындардың, жазушылардың әлем туралы концептуалды тұжырымдамаларына тоқтала келе Қоңыров туралы былай деген екен «Т. Қоңыров «көңіл құсы» тіркесіне «концепт, лингвомәдениеттанудың құрамдас бөлігі» деп ат беріп, айдар тақпағанымен сөзді бейнелеп қолдану тәсілі деп көрсеткен. Ал оның қазіргі тіл біліміндегі бағыт тұрғысынан қарағандағы мағынасы концепт ұғымына келіп тұр. Сондай-ақ ғалым ойды бейнелеп көрсететін сөздер қатарына мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, тұрақты сөз тіркестері т.б. жататынын да айтады. Ол былай дейді: «Мән – мағынасына, атқаратын қызметі, бейнелілік сипаты жағынан тілдегі сөздер мен конструкциялардың бәрі бірдей емес. Олардың кейбіреулері бейтарап мағыналы, «ресми» сипатты болып келсе, ал екінші біреулер өз жаратылысында-ақ бейнелі ұғыммен астасып жатады да, мен мұндалап жарқырап, жайнап тұрады. Соңғыларының қатарына мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, тұрақты сөз тіркестері т.б жататыны белгілі».
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, профессор, филология ғылымдарының докторы Рысалды Құсайын Тынысбайұлы профессор Т.Қ. Қоңыровтың теңеу категориясы – тілдің жаңа парадигмасының қайнар көзі дей келе ғалымды келесідей еске алады «Қазақ тіл білімінің өткен ғасырдың екінші жартысында өркендеп, өсуіне, жалпы әлемдік тіл білімінің жаңа парадигмасы ауқымында ғылыми әлеуеттілігін қалыптастыруына орасан зор еңбек сіңірген бір қауым жаңашыл лингвистеріміз болды. Солардың ортасында өзіндік ғылыми ұстанымын қалыптастырып, танымал болған бүгін біз 80 жылдық мерейжасын еске алып, атап отырған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңырұлының өзіндік орны ерекше.
Тіл білімінің жаңа антропоцентрлік парадигмасында тіл – халықтың рухы. Ол рух – адам санасындағы дүниепайым негізінде болмысты танудан көрініс табатындықтан ғалымдар адамның өз санасында қалыптасқан тілдік бейнелерді бір жүйеге түзу әлеуетін тереңнен зерделеуге, пайымдауға ұмтылды. Осы тұрғыда қазақ тіл білімінде де дүние-болмысты санада тану үдерісінде пайымдалған, тілде қалыптасқан теңеу табиғатына ұғымдық мазмұн-мәндік категоризациялау тұрғысында кеңінен талдау жасау талабы тұрды. Бұл ізденіс өз кезегінде үлкен теориялық дайындық пен тынымсыз еңбекті қажет етті. Міне, сол бағытта алғаш қадам басқан лингивистер функционалды тіл білімінің теориялық, методологиялык (әдіснамалық) негіздерін іздеуге зейін қойды, оның алғы шебінде профессор Тұрағұл Қоңыров болды».
ҚР Мәдениет қайраткері, отандық ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қаламгер Нұрперзент Домбай «Теңеулер табиғатынан сыр тартқан..» атты естелігінде: «Ұлттың ерекше белгісі әрі баға жетпес байлығы саналатын тілдің дамып, қанатын кеңге жаюына лайықты үлес қосқан, қосып та жүрген азаматтар есімін ауызға алып, оларды кейінгі буынға үлгі етіп отыру қасиетті парыз болса керек.
Тіл үшін өмір сүріп, осы жолда жанын сала қызмет еткен ардақтыларымыздың бірі көрнекті тіл білімі маманы, белгілі зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрағұл Қоңыров болатын.
…Еліміз егемендік алған жылдары білім саласында да өзгерістер болып жатты. Алматы шет тілдері институты әлем тілдері университеті болып қайта құрылып, мамандар даярлау өрісін кеңейтті. Бұрын ағылшын, неміс, француз тілдері ғана оқытылса енді бұлардың қатарына шығыс тілдері қосылды. Тұрекең басқаратын кафедра да бұдан былай қазақ және шығыс филологиясы кафедрасы атанды. Кафедра меңгерушісіне жүктелер міндет ұлғая түсті. Бұл жолы да ол ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп шығыс тілдерін оқытуға қажетті әдебиеттерді, әдістемелі құралдарды шығаруға белсене атсалысты. Сол кездері ізденімпаз ғалым тек республика көлемінде ғана емес, түркі елдеріне де танымал болды. Түркология мәселелері бойынша Бішкек, Ташкент, Қазан қалаларында өткен алқалы жиындарға қатысып, әріптестерінің назарын аудартқан баяндамалар жасады.
Ғалымның тағы бір ерекшелігі ғылым жолына түскен жастарды тәрбиелеуге, жинақта¬ған білімі мен тәжірибесін олармен бөлісуге айрықша мән берді. Оның жетекшілігімен бес аспирант филология ғылымдарының кандидаты атанды. Кезінде Тұрағұл ағамен қызметтес болған жолдастары азаматтың адамгершілігі жөнінде де жылы лебіз білдіреді. Сабырлылығы мен байсалдылығын, парасаттылығын үлгі етеді. Көп сөйлемесе де сөз бергенде ойға жүйріктігі мен тілге шешендігі байқалатынын еске алады. Туған жерінен, өскен ортасынан алыста жүрсе де қол үзбепті. Барып-келіп, үзбей қатынас жасап тұрған. Абзал азаматтың, туған тілдің нағыз жанашырының еңбегі ескерусіз қалмады. 2004 жылы Үржар ауданындағы Ақшоқы орта мектебіне Тұрағұл Қоңыровтың есімі берілді. Осының өзі де қажырлы еңбектің бір өтеуі сияқты… » деп қимастықпен еске алған.
Сонымен қатар Т.Қоңыровтың «Сәкен Сейфуллин поэзиясындағы бейнелеу және сөйлеу мәнері» кандидаттық диссертациясы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ысқақовтың пікірін де көруге болады. Онда ғалым «...бұл тақырыптың таңдалуына, оның атауының тұжырымдалуына, сонымен қатар кандидаттық диссертация ретінде арнайы зерттелуіне кеңес филологиясында әдетте «ананың поэзиясының тілі», «ананың прозасының тілі», «ананың шығармасының тілі» және басқа да атаулармен жүргізілетін көптеген зерттеулер біздің ойымызша тым жалпылама сипатта, нақты емес берілгендері себеп болды. Өйткені, кез келген ақын немесе прозашы өз шығармасын жазғанда, әдетте, өзі жазатын және туған саналатын жалпыхалықтық немесе жалпыұлттық тілдің қалыптасқан сөйлеу құралдарын пайдаланады... Магистрант Т.Қоңыров өз шығармаларын екі дәуірдің (революцияға дейінгі және революциядан кейінгі) торабында тудыруға және жаңа дәуірдегі тілдің өзекті қажеттілігін негізге ала отырып, оның сөздік қорына қазақ тілінен де, халықаралық түбірден де, соған сай келетін жаңа сөздерді де белсенді және саналы түрде енгізуге тура келген ұлы жазушы, ақын, драматург, прозаик, публицист және қоғам және саяси қайраткер Сәкен Сейфуллиннің барлық шығармаларының тілін зерттеуге ден қойған жоқ, ол тек С. Сейфуллиннің поэзиясындағы тек бейнелі сөйлеу құралдарының зерттелуіне ден қойды...» деген сипаттама берген.
Жоғарыда берілген естеліктер «Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым Т. К. Қоңыровтың 2015 жылдың 22 мамырында 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел материалдарында жарияланған [5].
Тұрағұл Қоңыров қазақ тілінің аса бір күрделі саласын алғаш әрі тереңдей зерттеуші болды. Осы мәселеге арнап «Қазіргі қазақ тілі жүйесіндегі компаративтік конструкциялар» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Қазақ теңеулері», «Қазақ тіліндегі теңеулердің құрылымдық семантикалық табиғаты» атты мазмұнды монографияларын өмірге әкелді. «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігін» жарыққа шығарды.
Тұрағұл Қоңырұлы педагогикалық қызметіндегі жетістіктері үшін бірнеше рет төсбелгілермен марапатталды, 1995 ж. «Оқу ісінің үздігі» атағына ие болды. Саналы ғұмырын тіл білімінің дамуына арнаған ардақты ұстаз 60 жасқа қараған шағында қатерлі ісік салдарынан дүниеден өтті.
Тұрағұл Қоңырұлы Қоңыровтың жеке құжаттарын 2016 жылы қызы Ақбота Қоңырова Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивіне өткізген болатын. Ол жеке текті құжаттары болашақ ұрпаққа, әсіресе тіл білімі ғылымын зерттеуші болашақ ғалымдарға теңдесі жоқ қазына болары сөзсіз.
Мақалада ұсынылған құжаттар Тұрағұл Қоңыровтың Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде сақталатын № 184 жеке тектік қорындағы құжаттар негізінде дайындалған.