ќаз
|
рус
Вход
_USERNAME 
_USERPASSWORD 
Авторизация пользователя
ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰЖАТТАМА
АРХИВI
 
Азап арқалаған азаматтар

Мен өзімнің туған атам Күдерұлы Қайыпжанның ағайынды інісі Оспанұлы Әбілжанның Ұлы Отан соғысындағы ерлігі жайында сөз етпекпін. Әбілжан ата соғыстың қанды қырғынында жеті рет жараланып, сан рет өліп-тірілген батыр адам. Ол кісі соғыстың басынан аяғына дейін беріспей күресіп, сол ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталды. Қошемет, құрметті де бір кісідей көрді.




Атам Оспанұлы Әбілжан өз еркімен соғысқа арыз беріп, ақыры 1941 жылдың желтоқсан айында шақыру қағазын алады. Атам Москва қаласына келген соң, №100 полкі атқыштар бригадасы Волокаламск тас жолындағы шайхастарға қатысты. Москва түбіндегі Бабушкин деген кішкене қалаға келіп орнығады. Осы жерде болған айқаста атамыздың 3 саусағын жаудың оғы жаралайды. Екінші рет Әбілжан атамыздың жотасындағы дорбаға граната тиіп, ауыр жараланады. Москва қаласындағы әскери госпитальден сауығып шыққаннан кейін, Әбілжан ата Орел-Курск майданындағы 84 гвардиялық дивизияның 247 гвардиялық атқыштар қатарында қайта соғысқа кіреді.
Бөлімше командирі болып қорғаныс шебіне кіріседі. Осы ұрыста да Әбілжан ата мина мен снаряд жарылысынан ауыр жарақат алып, Горький қаласындағы госпитальге түседі.
Айығып келген соң, 1943-жылдың қараша айында Волокаламск қаласында танкистер даярлайтын 6 айлық курске түсіп, оны 1944-жылдың наурыз айында бітіріп шығады. Курсктан кейін 5-гвардиялық танк армиясының 29-корпусының 31 танк бригадасында взвод командирі ретінде Т-34 танкі экипажын қабылдап, Беларусь, Прибалтика майданына қатысады.
Атамыздың Минскіні алғандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, Балтық жағалауындағы батылдығы үшін Екінші дәрежелі Отан соғысы, Польшаны азат етіп Кенигсберг қаласын алған кезде бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен ондаған медальдармен марапатталады.






1946-жылы 30 сәуір күні Кеңес армиясының лейтенанты атамыз Әбілжан Оспанов запасқа шығарылып әскер қатарынан босатылады. Қырғын соғыстан жеті рет жараланып от пен оқтың ортасында қан кешсе де атамыз аман-есен ауылға оралады. Атамыздан: «Ата, ерліктің атасы, ерліктің анасы кім?» - деп сұрағанда, «Ерліктің атасы - Отан, анасы - Атамекен», - деп айтқан екен.



Сонымен қатар, өз атам Күдерұлы Қайыпжанның 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қанды майданына қатысқанын да айта кетпекпін. Ол кісі елге аман-есен оралып, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен, төс белгілермен марапатталғаны есімде. Өкінішке орай, Қайыпжан атам соғыс туралы айтып отырғанда мен 8-9 жастағы бала едім. Атамның айтқан әңгімелері есіме де қалмапты. Атамның Ұлы Отан соғысы ардагері екенін, өзіміздің тұратын үйдің бұрышында «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Күдерұлы Қайыпжан тұрады» деп жазылған тақтайша мен соғыс кезіндегі фотосуреттерінен білемін.






Нағашы атам, анамның әкесі, Адильчинов Жумасил сұрапыл соғысқа қатысып, 3-Украина фронтының аға сержанты, минометтік взвод командирі болғаны туралы естігенім бар.
Өз әжем Сақанның жалғыз бауыры Дәркенұлы Біләл атамыз Соғыс жылдары ефрейтор болған екен, ол кісі өкінішке орай 1943-жылдың 27-ақпан айында сұрапыл соғыста қаза табады. Есімде... кішкене кезімде марқұм әжем Біләл атамыздың суретін бізге көрсетіп: «Жалғыз бауырым соғыстан оралмады, қаза тапты»,- деп көз жасын орамалмен сүртіп отыратын.




Әкем Қайыпжанұлы Мұқаш 1956-жылы Венгрияда болған бүлікке әскер ретінде қатысып, сапер болған. «Жарылғыш заттар, су астынан мина тердік»,- деп соғыстағы естеліктерін айтып отыратын. Өзімізге белгілі болғандай кейін аталмыш бүлік Ұлы Отан соғыс дәрежесімен теңестірілген. Әкем ерлігі үшін - Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен, төс белгілермен марапатталды. Біз, осы ата-әкелеріміздің ұрпақтары, жыл сайын 9-мамыр Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні жиналып, рухы биік аталарымыздың басына барамыз. Болашақ ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлағаны үшін тағзым етіп, құран бағыштаймыз. Гүл шоқтарын қойып, перзенттік парызымызды өтеп, еске аламыз.


Дайындаған: ОМҒТҚА-нің маманы А. М. Каипжанова

Жаңалықтар

Показать все
23 қыркүйек 2021 жыл
Тілдер күніне арналған ролик


22 қыркүйек 2021 жыл
Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қызметкерлері 2021 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 15 жылдығына арналған “Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жұмысына онлайн-қатысты.


21 қыркүйек 2021 жыл
2021 жылдың 21 қыркүйегінде ОМҒТҚА қызметкерлері Т.С. Джанайдарова мен Ж.А.Қаламбаева тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде болды.


21 қыркүйек 2021 жыл
2021 жылғы 21 қыркүйекте ОМ ҒТҚА  қызметкерлері: М.М. Бейсембаева, Т.С. Джанайдарова, Ж. А. Қаламбаева ҚР Ұлттық архиві дайындаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме экспозициясымен танысты. Көрменің құжаттары мен материалдары Қазақстанның архив қызметінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін ашып көрсетеді.


Яндекс.Метрика Web site engine code is Copyright ©2007-2008 by Kasseler CMS. All rights reserved.   Разработка и поддержка: neon-group